Ата дініміз ата ғұрпымызбенен астасса
Өзіміз құрметтейтін Дінбасы ағамыз Әбсәттар қажы Дербісәлиевке
Құрметті Әбеке!
Ең алдымен айтарым: сізге осы хатты жазудағы мақсат, ниетім – біріншіден, өзіңіз басшылық жасап отырған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қазіргі жұмысына баға беруге ұмтылыс емес; екіншіден, бұл хаттың ішінде руханият, дін туралы өзімді көптен мазалап жүрген ой-пікірлерімді ортаға салуға тырыссам, оным — аннан-мыннан, өмірден көрген- түйгендерімді алға салып, білімсіну емес; үшіншіден, дінге қатысты ( әсіресе ата дінімізге) пайым-түсініктерімді ашықтау айтсам, оны Ағаға деген наз деп түсініңіз, бірақ үлкеннің, «жақсының жағасына жармасу» емес — қырық жылға жуық қалам ұстаған қазақтың бір адамы, өзіңізге ширек ғасырдан бері таныс іні, әдебиет, мәдениет, руханият саласы жағынан өзіңізге әріптес, замандас ретінде және мұсылман деген арғы тегі бар, кешегі бір иманды қара шалдың баласы ретінде ой бөлісу деп біліңіз.
Иә, иманды деген бір қара шалдың! Ол шалдың арғы тегі жеті атасынан бері мұсылман еді. Ал, өзі (біреулердің құлағына түрпідей тисе де айтайын) – жарты ғасырдан астам коммунист болған. Сосын… біздің елде коммунистік партия жұмысын тоқтатқан кезде, сол аяулы әкеммен болған бір әңгіме әлі күнге есімде.
— Мынаны не істеймін енді?- деді мен елге барғанда қызыл билетін маған көрсетіп. Көзінде жас, дауысында діріл бар. Мен партияда жоқ едім. Кейде әкеммен әзілдесіп те қоятын әдетім бар-ды.
-Басыңнан үш айналдырып лақтырып жібер!- дедім.
Жетпістің тоғызына келген әкемнің кенет тілі байланып қалғандай, недәуір уақыт шаршай, түңіле қарап отырып:
— Шырағым- ау, бұл менің елу жылдан бергі жолдасым ғой, серігім ғой. Мен бұған сендім ғой. Мен саған адам деп, балам деп айтып отырмын ғой бұны! Не істеймін?! Не істеймін енді бұны?!
…Әкем дүниеден өткенде ағайын- туғандардың бірі «анауысын», бірі «мынауысын» алды тәбәрік деп. Мен баяғы партбилетін алдым қойын-қалтасынан. Ішінде жарнаға төлейтін 1 сом ақшасы жүр екен. Иіскедім. Кеудедегі ащы тердің иісі. Көзіме жас тығылды. Неткен адалдық…. сенімге деген!
Әбеке, бұны мен неге жазып отырмын? Түбі атеизмге негізделсе де, коммунистік идиология да – сенімнің бір түрі еді ғой. Ал сенімнің бір атасы дін еді ғой. Бірақ бұл жерде мен баяғы партияны дәріптейін деп тұрғам жоқ, сол партияның: қоғамға, мемлекетке адал бол, кісінің ала жібін аттама, ұрлама, жырлама, ұрпағыңды тәрбиеле, адал еңбек ет деген ең негізгі қағидаларын тастүйін ұстап өткен кешегі көптеген ақ жүректі, ақ ниетті қара шаруалардың істеген ісін, адал жүрегін әспеттеу үшін ғана тілге тиек етіп отырмын. Әбеке, бір сөзбен айтқанда, меніңше имандылық, адамшылық, құдайшылық дегеніміздің алтын ұясы – адамның отыз тісті аузында емес, Алланың нұры қонақтаған аппақ жүректің төрінде шығар! Егер қателессем, кешіріңіз, осы тұста бір батылдау ой айтайын, Құранды жатқа білетін, басында сәлдесі, иегінде сақалы, қолында тасбиғы бар, бірақ әншейінде аузынан ақ ит кіріп, көк шығып жүретін кейбір молдадан көрі, әліпті таяқ деп білмейтін, дегенмен тірі жанға қылдай қиянаты жоқ қарпайым пендеге деген біздің құрметіміз әлдеқайда жоғары. Әбеке, табиғатынан шын құдайшыл адам сол шығар. Әлде мен қателесіп отырмын ба?
Осы жерде бір ойланайықшы. Қазақ халқының ғасырлардан бергі бүкіл болмысы, бар қасиеті жаңағы айтқан құдайшылықтан , имандылықтан алыс па еді. Рас, ол жаз жайлаған, қыс қыстаған жерінің бәріне мешіт салған жоқ. Көшпелі тірлік. Бүгін Ұлытауда, ертең Қаратауда. Бірақ киіз үйдің құбыла тұсында жайнамазын жайып жіберуге қашанда орын табылған. Сөйте жүріп о дүниелік болған аяулысы мен арысының «жетісін», «қырқын», «жылын» беруді де негізінен ұмытпаған. Бұл — ұлттың болмыс-бітімі мен тұрмыс-тіршілігіне ғасырлар бойы сіңіп кеткен дәстүр.
Дәстүр! Ол — ұлттың алтын қазығы! Ол – ұлттың ұлттық белгісі. Ол — өзгеше өнер мен мәдениеттің қайнар көзі. Ақыр соңында дәстүр – философиялық категория. Отырықшыларға қарағанда, көшпелі халықтың өмір-тынысы мүлде бөлекше болғанын, дәуірлер бойы солай орныққанын тарихтан хабары бар ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Сол көшпелі салтына орай, оның ешкімге ұқсамас имани дәстүр-салты да қалыптасқан. Сол дәстүр-салттың, тұрмыстық ерекшеліктердің арқасында қазақ ұлт ретінде құрып кетуден сан мәрте аман қалған. Мәселен, қазақ қонақжай болмаса, жолаушылап келе жатып жол үстінде арам қатар еді. Сондай-ақ, қазаққа жылқының етін жегізген – қасқыр тәбеті емес, немесе жылқысының көптігінен емес, немесе алыс жолға ылғи атқа мініп жүргендіктен ашықса, астындағысы азық болғандығы емес, қазақты жылқы етіне жерік қылған — өзі өмір сүріп жатқан ортаның жағдайы, қатал табиғаттың заңы. Киізүй дегенді мақтаймыз. Бірақ ол бәрібір астына қанша киіз төсесең де, еденді, қабырғалы отырықшының үйіндей болмайды. Астынан өтер сызы бар, іргеден соғар ызғар бар. Өкпе ауруы деген содан болар. Соған ем болар немене? Етін жесең бойыңды жылытар, майлы сорпасын ішсең таң атқанша табаныңа дейін қыздырар жылқының еті. Ал қымыздың құрт ауруына (туберкулез) бірден-бір ем екенін еуропалықтар баяғыда-ақ мойындаған. (Сенбегендер Толстой мен Чеховты оқысын). Әбеке, бұл көшпелі халық тұрмысының өзі өмірге келтірген, соған бой ұсындырған дәстүр емес пе екен? Ендеше қазіргі кейбір қазақ азаматтарының «жылқының етін жеуге болмайды, бұл дінімізде жоқ» дегеніне қалай қараймыз. (Өкінішке орай, қазақ тойының үстінде қазы-қартаны көргенде, «бұны мен жемеуші едім, мен ұстанған дінде бұл жоқ» деп дастарханнан тұрып кеткен қазақты да естігенбіз. (Мүмкін өтірік шығар. Сізге тек естігенімді айтқаным ғой, аға).
Әбеке, мен өткен-кеткен барлық ғұламаның сөзінен мысал келтіріп жатпай-ақ қояйын (біле-білген адамға бұның өзі де біліктілік емес), тек осы тұста американдық қоғам және мемлекет қайраткері Томас Джеферсонның мына сөзін еске түсіріп отырмын. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын!» Біз осындай жақсы дәстүрден кем халық па едік? Тек соның көбіне сызат түсірген –отаршылдық қой. Обалымыз соған болсын! Айтпақшы, негізгі әңгімеге енді келдік, Әбеке!
Кеңестер Одағы кезінде бізде бір-ақ «дін» бар еді. Ол — өзіңізге белгілі коммунистік идиология еді. Шүкіршілік, ол кетті. Бірақ ең өкініштісі, біздің елде қазір қаншама дін бар? Кешіріңіз, мен санынан жаңылыстым. Олардың қайсысы біздің халықты қайда тартып барады. Меніңше, бұл сізге де, маған да белгісіз. Өте өкінішті!
Әбеке, сізге елдегі қазіргі жағдайды айтайын, өз басым ислам дініне деген аса құрметпен қарауым себепті, елдегі (облыстардағы) жағдайға көбінде құлақ түріп отырамын. Дәл қай облыста болған жағдай екенін айтпай-ақ қояйын, бір ауылда ислам дінінің екі бағытын ұстаған бір отбасында бір жігіт әкесі мен шешесін үйден қуып, қаңғыртып жіберген. Себеп: әлгі азаматтың (егер оны азамат десек) шешесі, бар болғаны жұма күні әруақтарға бағыштап «жеті шелпек» пісіргені екен! Әбеке, менің сіздей діннен аса үлкен білімім жоқ, сондықтан айтыңызшы, әлгі адамның істегені дұрыс па? Сіз айтпасаңыз, бұған менің өрем жетер емес.
Мені қатты ойлантатын жағдай – қазір қазақтың қай дінді қадірлеу керектігі жөнінде, әсіресе, басқа бір топтардың (егер оны топ десек, дәлірегінде біздің тарихымызды, табиғатымызды білмейтін, бірақ ақыл айтуға өте құштар адамдардың) ұсынысы, ақылы, «зерттеу еңбектері». Олардың ойынша, қазаққа қазіргі ең оңтайлысы, дұрысы – баяғы Тәңіршілдікке қайта оралу, яғни Тәңірге табыну екен. Сонда қалай? Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, біз алға жылжудың орнына баяғы көнедегіге қайта оралуымыз керек пе? Өкінішке қарай, осы ойды қолдайтындар да бар. Реті келгенде айта кетейін, біз өткен тарихымызды, бастан кешкенімізді, кезінде нені қасиет тұтқанымызды, бәрін-бәрін ұмытпаймыз, қадірлейміз, қастерлейміз, оларды зерттейміз, қажеттісін, керегін пайдаланамыз, бірақ тарих доңғалағын кері бұруға келісе алмаймыз.
Салт-дәстүр дегенде еске түседі. Жуықта оңтүстік өңірдің бірінен келген бір егде азаматтың бізге мына бір жайды күйіне айтқаны бар.
— Ауылымыздың үлкен бір ақсақалы таңертең дүниеден қайтқан еді. Дереу үйге жетіп келген түбітиек жап-жас молла: «Марқұмды бүгіннен қалдырмай жаназасын шығарып, жерлеу керек» деді. Біз: «Ау, бұл ақсақалдың бір баласы Созақта, бір қызы Алматыда. Олар келмей қалай жерлейміз дегенімізге: «О жағында біздің шаруамыз жоқ, дін жолы солай!» дейді ол міз бақпай. Өлім үстінде айқай-шу шығару салтымызда жоқ, бірақ молданың айтқанын істегіміз де жоқ. Алайда, ауылдың зиялы бір азаматы қаралы үйдің есік алдында тұрып бізге: «осы балаларды шетелге жіберіп оқытып аламыз да сосын бұл не дейді екен деп аузына қарап тұрамыз. Ал бұлардың айтатыны мынау. Бір-екі жыл сырттан оқып келеді де , өмір бойы осында тұрған бізге ақыл айтады. Біз дегенім – халық қой. Ал халық – Құдайдың бір аты емес пе,» — деді қабағын кіржитіп. Сонда оның жанында тұрған ауыл мұғалімі: «Қызық, осы балалар бізді мәйіт түске дейін иістеніп кететін Кербаланың шөлінде тұратындай болады» деді күліп.
Егер, түбіне үңілер болсақ, осы сөздің астарында да біраз сыр бар сияқты.
Ойдан ой туады, Әбеке, біздің жастарымызды ит арқасы қияндағы, салт-дәстүрі, тілі, ділі бөлек алыс шетелдерге оқыту қалай болар екен? Өз басыңыз шетелде көп білім алдыңыз, көп болдыңыз. Қазақша айтқанда, «Жеті жұрттың тілін, жеті ғаламның сырын» білесіз. Бірақ біздің қазіргі жастарға қарағанда, Сіздің жөніңіз бөлек қой. Өйткені, сіз ең алдымен арабтанушы, шығыстанушы ғалым емессіз бе?! Бұл өрісте Сіздің атқарған, тындырған жұмысыңыз басқа қызметіңізге қарағанда әлдеқайда жемісті, әрі игілікті деп білем өз басым.
Алайда ғылым жолындағы кешегі азапты еңбегіңізден гөрі Сіздің бүгінгі Дінбасылық қызметіңіздің әлдеқайда ауыр екенін мен және жақсы түсінемін. Баяғы Кеңестер Одағы кезінде дәл осындай ауыртпалық пен жанкешті тірлікті Қазақстан мұсылмандарының рухани жетекшісі, дәлірек айтқанда қази қызметін атқарған, жаны жәнәтта болғыр марқұм Сәдуақас Ғылмани тартқан екен. Бірақ ең игіліктісі сол, ол кісі атеизмнің әзірейілдей ысқырып тұрған кезінің өзінде өз сенімі мен принципінен қайтпаған, қайтпақ тұрғысын бетқаратпас ағысқа қарсы тұрып, артына ұланқайыр рухани мұра қалдырған және Құранның өзін жоққа шығаруға тырысқан әр заманның әпербақандарымен жан аямай күресе де білген. Оны, Әбеке, сіз жақсы білесіз.
Сәкең – Сәдуақастың ол еңбегі мен ерлігін кешегі ұрпақ ұмытқан жоқ, бүгінгі ұрпақ әспеттеп отыр. Қазір Астанадағы үлкен бір мешіттің бірі Сәдуақас Ғылмани атында. Сондай-ақ, осы жолдардың авторы (біз – Д.Ә) жазушы Н.Қазыбековпен бірлесіп, ең алғашқылардың бірі болып, сол ғұлама ағаның шағын жинағын шығарып, баспахананың иісі де кетпеген бірінші данасын Сізге сыйлағанымыз да есіңізде болар. Ал алдағы уақытта ол кісінің ұзақ жылғы еңбегінен туған арабша-қазақша (синонимді түсіндірме түрінде) сөздігі бір баспадан шыққалы жатқанын естиміз.
«Жақсының аты өлмейді» деген осы ғой. Шіркін, не істесең де, қандай қызмет атқарсаң да халықтың, әсіресе, өз туған халқыңның жадында жақсы атыңмен қалғанға не жетсін!
Дей тұрғанмен Ғылмани заманы бір басқа, бүгінгі уақыт бір басқа. Егер, шындығына келсек, дін мәселесі жағынан бүгінгі уақыт кешегіден әлдеқайда күрделеніп кеткенін байқар едік. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдырында қандай-қандай жантүршігерлік оқиғалар мен жағдайлар жазылып жатқанын сізге тағы да тәптіштей айтуды жөн көрмеймін. Кеңестер Одағы кезінде анау молла өйтіп қойыпты, мынау молла өлім үстінде дүие-боққа таласыпты дегеннен оғаш бірдеме оқымаушы едік, ал қазір шетелден діни білім алған біреу қарулы топ құрып, біреуді тонапты, біреуді өлтіріпті дегенді («Айқын» газетінің соңғы санын қараңыз), баласы әкесіне, қызы шешесіне қаныпезерлік жасапты т.б. дегенді, апырау, қашан естіп едік. Ініңіз, замандас қаламдасыңыз ретінде, мен сізді түсінуге өте тырысамын: кешегі талантты ғалым, білікті ұстаздың маңдайына тағдыр дәл осындай күрделі уақытта еліміздегі дінді басқаруды жазыпты. Қиын! Өте қиын!
Сонда, Әбеке, Сізге мен не айтқысы келіп отыр дейсіз? Ұсыныс па? Жоқ! Жол сілтеу ме? Ол ізетсіздік және делитанттық! Сонда? Ағымнан жарылайын, аға, менікі тек – ертең ушығып кете ме деген кейбір мәселелерге алаңдаушылық. Тек, соны ғана сыр етіп айту.
Өкінішке қарай, осы алаңдаушылықтың алғашқы белгілерін соңғы жылдары мен анық көре бастағандаймын. Ел ішінде, әсіресе аға буын үлкендердің арасында кейбір діни «жол сілтеушілерге» деген наразылық бар. Ол, ең бірінші, жоғарыда атап өткенімдей, қазақ ішінде қадымнан бері келе жатқан өлім жөнелтуден кейінгі еске алу күндеріне байланысты. Ашығын айтайын, аға, ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге «ананы істеуге болмайды, мынау артық» деп билік айту, ел ішіне іріткі салуға көп ұқсайды. Кез келген діннің дәні басқа бір елдің топырағына барып түскенде, сол ел, сол жердің «ыңғайына», «климатына» қарай көктейді дегенді ұмытпағанымыз жөн-ақ! Сосын «шірік» деген, яки Аллаға серік қосу деген күнә туралы. Иә, бұл – ұлы күнә! Алладан құдіретті ештеме жоқ. Бірақ осы мәселеге орай, мен өзімнің жеке бір пікірімді айтқым келеді. (Иә, Алла, қателессем, кешіре көр!).
Байқауымша біреулер үшін аруақты ауызға алу, бейіттің басына барып, әруаққа тәуәп қылу, іштей кешегі өлген аяулыңмен «сырласу» күнә секілді. Ау, өлгенімізді қадірлемесек, рухына тағзым етпесек, онда біздің адамдығымыз қайсы! Жалпы өз басым, «әруақ» жөнінде мынаны айтамын. Менің өмірімдегі ең аяулым, ең қамқоршым, ең панам – осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткен Әкем. Сол Әкемнің бейнесі, рухы менің жанымда, жадымда, кеудемде, жүрегімде әлі күнге дейін «тірі». Мен сол «тірі» бейнемен, рухпен әқашан сырласып, мұңдасып жүремін. Кейде қиналған сәттерімде, алдымен «бісмілләмді» айтып, (яки, алдымен Алланы аузыма алып) сосын кеудемдегі «тірі» әке рухымен сырласып, мұңдасып кететін жайым бар. Осы күнәға жата ма? Кейде әке рухын тірідей көріп, әруағынан жаныма медет сұрағаным – «шірік» пе? Мұндайды мен сияқты мың-мыңдаған қазақтың бастан кешіретіні анық қой.
Енді «жеті ата» туралы. Қазақ бір дүниесімен мақтанса, осынысымен мақтанбас па? Ал әр қазақтың жеті атасын білуінде, әруақтар атын әркезде еске алып отырудың әсері жоқ па екен? Мысалы, өз басыма жеті атамды білуіме — коммунист әкемнен бұрын, ақтық демі жайнамаз үстінде үзілген (105 жасында) әжемнің ықпалы көбірек болғаны анық. Ол кісі әрбір «тие берсінін» айтқан сайын бірнеше ата-бабамыздың атын естіп отырушы едім. Бұл барлық қазаққа ортақ жағдай шығар.
Осының бәрін жоққа шығарсақ, біздің қазақтығымыз қайсы? Қазақ демекші, Әбеке, мен өзімді қай уақытта да алдымен – қазақ, сосын мұсылманмын деп есептеймін.
Ал мұсылмандық жайына келсек, мен кәлиманы қайыра білетін, бірнеше сүрені жатқа айта алатын, «Құранды» өз бетімше ежіктеп оқып үйренген қазақпын. Ал бес уақыт намаз оқып, исламның бүкіл шартын ұстап, нағыз дін жолына түсуге мен өзімді әзірге дайын емеспін деп білем. Кейбіреулердің «бастады да, тастадысы» осы дайындықсыздықтың салдары болар.
Ал оған дайын болдым деген кез туса, мен сөзсіз дәстүрлі исламды, оның ішінде Ясауи жолын қаларым анық. Өйткені, соңғы төрт-бес жылда дін әлемін біраз барлап көргенімде, өз жаныма, өз жүрегіме ең жақын көрінгені – осы Ясауи жолы. Өз ұлтымның тұрмыс-тіршілігін, сал-дәстүрін, әдет-ғұрпын жоққа шығармаған сенім түріне мен тек қана құрметпен қараймын. Егер, іздегенім сол жерден табылса, мен неге оған жүрегімді бермеуге тиіспін. Менің түсінігімде, адамның жаны да, иманы да, бүкіл адамға тән асыл қасиеті де – жүректе. Далалық исламның да көктеп шыққан көк жайлауы, құнарлы топырақ , құтты мекені жүректе ме деймін.
Бірақ амал не, арамыздағы адамдардың біраз бөлігі «Ясауи жолы» дегенді естісе, «Е, анау зікіршілер ме?» деп көз алартып, ауыз қисайтатын жайы бар. Себеп? Түсінбеушілік! Не естісе, соған сеніп қалушылық. Айтпақшы, естіген емес-ау, бұдан екі-үш жыл бұрын еліміздегі бір-екі телеарна «зікіршілерің мынау» дегендей, бас шұлғып, «жұлқынып» отырған бір топ адамды жарты жыл бойы қайта-қайта көрсетумен болды. «Расында, бұл не өзі?» деген ой маған да келді. Сосын сондағы азаматтарға өтініш жасап, әлгі «топты» зікір үстінде өз көзіммен көруге мүмкіндік туған. Алғашында… рас, мен де оның қасиетіне бас шұлғи қойдым деп айта алмаймын. Ал кейін… «оларды» сырттай қарап отырып: «Япырау, мынау дегеніңіз – Алланы алпыс екі тамырың иіп тұрып сүю екен ғой. Зікір соған жеткізер жол, тәсіл екен ғой» дегем. Сосын… қолым боста осы зікір жөнінде материалдар жинауға кіріскем. Ой: «Қазақ топырағында бұрын бұл болған ба?» Алғашқы деректі Шоқан Уалихановтың 3-томынан кезіктірдім. Ол мынау: «Қазақлар атты ауылда Байраш Ибраш Сарыұлы деген кісі тұрады. Ол көпшілік алдында дауыстап жария зікір айту өнерін жақсы меңгерген. Бұл үшін оған ұлықсат та берілген. Оның өзі түркістандық Қожа Ахмет Ясауидың шәкірті, түркі тегі қоқандық болғаннан кейін бұлғарлар арасына жіберілген» (Ш.Уалиханов. 3-том 181 және 566 беттер). Одан кейін өз баспамыздан жарық көрген жезқазғандық ғұлама ақын, Қаныш Сәтпаевтың досы болған Балмағамбет Балқыбаевтан таптым. Ол мынау:
Аллаға күндіз-түні зікір етсең,
Айтылған тәубадағы шартқа жетсең,
Жетерсің мақсұтыңа махшар күні,
Дүниеден сол әдетпен өтіп кетсең.
Өлімнің келетінін ойға сақтап,
Толар көзің мөлтілдеп ыстық жасқа
Оңнан тарт, лә илаһа ил Алланы,
Астына ұр сол емшектің бұл дұғаны.
Одан соң маңғыстаулық ақын інім Светқали Нұржанов маған баяғы Сәттіғұл ақынның мына бір өлең жолдарын жолдаған. Ол мынау:
Сөз қалдырдың хазірет
Молдалар үшін ажарлап,
Шариғат айтқан тыңдатып,
Азаннан тұрған ыңлатып.
Тағлым, таспих, салауат,
Зікір айтқан түн қатып,
Кеудеден басты былғатып.
Арада біраз уақыт өткенде Сматулла Мақсұм ағамыз біздің баспаға «Жария зікірдің дәлелі» атты кітабын ұсынған. Оқыдым. Пайдадан басқа зияны жоқ екеніне көзім жетті де, екі айда оны кітап етіп шығарып бердім. Оның алдында да ол кісінің «Құран сырларының әліпппесі» атты қолжазба кітабын алдымен өзім үш рет оқып шығып, жұрт кәдесіне асарына сеніп , оны да кітап етіп шығарғанымыз рас. Мен жазушы ғана емес, отыз жылдан астам газетте жұмыс істеген журналист ретінде қоғамға, ұлтқа, елге не керек екенін, сондай-ақ ненің пайдалы, ненің зиян екенін біраз білетінім рас.
Әбеке, өзінің шын ұлтын, шын шығу тегін, шын сенім-нанымы мен кімдерге қандай симпатиямен қарайтынын ашық айтуға аса сақтық жасайтын адамдарға өз басым күмәнмен қараймын. Осы принцип тұрғысынан айтарым: құрметті Әбсәттар аға, мен сізді қалай құрметтесем, тағдырдың талай соқпағынан өткен, ата-бабасынан бастап, өзіне дейін сан рет «ақылдан азап тартқан», енді туған халқының рухани тыныс-тіршілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген рухани қандас ағам Сматулла Мақсұм Торбай ұрпағын сондай құрметтейтінімді жасыра алмаймын. Бірақ, кейде сол кісі туралы дін жолында жүрген бір азаматтардың БАҚ-та да, басқа жерлерде де әртүрлі сөз айтып, естігендері бойынша ой өрбітіп жүргені ыңғайсыз ба деймін.
Бұл өмірде сүттен ақ, судан таза кім бар? Іздей берсек, қай-қайсымыздан да бір күнә, бір кінә табылып қалар. Кеңестер Одағы кезіндегі біраз жылдық журналистік қызметімде партия мен үкіметті қолпаштап, өзім де біраз қызылсөзді көпірткем. Сондай-ақ, атеизмді басшылыққа алып, қасиетті Құранға тіл тигізгендер болған. Оның бәрі кітапханалар мен мұрағаттарда сақтаулы. Іздесе, шыға береді. Бірақ соның қажеті бар ма? Бізге ендігі ең керегі – елдің бірлігі, мемлекеттің тұтастығы, ата дін, ата ғұрыптың амандығы ғой.
Алла тағаланың біздің елге деген рақым, жақсылығы мол болсын! Бәріміз шын мәнінде иманды болайық.
Інілік ізетпен Дидахмет