АМАНАТ

Дидахмет Әшімханұлы,

Қазақ әдебиеті, 1980 жыл

АМАНАТ

(очерк)

Міне, темір жол вокзалы. Отызыншы маршруттың алғашқы аялдамасы осы. Түнгі поездардан түссе керек, қазірдің өзінде біраз адамның басы құралып қалыпты. Бейсен автобусының есігін ашысымен бәрі ішке лап қойды. Ішке кірісімен: «Тоңып қалдық қой, кешіккен жоқпысың?» дегендей, қолдарын уқалап, аяқтарын қаққылап жатыр.

Бейсен жолаушыларды түгел отырғызып болып, енді жүре бергенде… вокзал жақтан аптыға жүгірген бір жігіт тура машинаның алдына кеп тұра қалды.

– Шофер, бірер минут күте тұршы? Жүк қоймасынан чемоданымды ала алмай жатыр едім… Қазір… қазір алып келемін…

Бейсен оған жымия қарады

– Жігітім-ау, оған уақытым жоқ қой. Жалғыз сені бірер минут күткенде, алда мені қанша адамның күтерін білесің бе?

– Дегенмен, күте тұрыңызшы, асығыс едім.

Бейсен машинасын гүр еткізді де, үнсіз жүріп кетті. Жүріп бара жатып әлгі жігітке көз салып еді, жол жиегінде әлі де қаздиып тұр екен. Қызық-ау өзі! Өзінің әр минуты санаулы екенін бұдан әрі оған қалай түсіндірерсің. Алдында жатқан қозғалыс кестесі мынау. Қай минутта қай аялдамада болатынына дейін бәрі мұнда көрсетілген. Бұдан қия басуға бола ма? Оның үстіне маршрут бойында бірнеше жерде АСДУ да (диспетчерлік басқарудың автоматтық жүйесі) басқан ізіңді қалт жібермей бағып тұр. Адаммен болса бір сәрі, автоматпен қалай тіл табысарсың. Иә, дәл солай. АСДУ орнатылған аялдамаға келгенде автобус доңғалағы сырт еткізіп, аппаратты іске қосады. Ол аппарат дереу: «Пәлен автобус пәлен уақытта мына жерде болды» деп диспетчерлік басқару орталығына хабарлай қояды. Қаладағы бүгінгі қозғалыс жүйесі осындай. Оны жаңағыдай адамдарға тәптіштеп түсіндіруге уақыт қайда.

Жалпы, Бейсен үшін шоферларды шаршататын жол азабынан бұрын жолаушылардың өздері сияқты. Әсіресе, таңертең мен кешке қарай көше қозғалысының қайнаған шағында тым қиын тиер еді… Аузы-мұрны толған есіктен біреу кіре алмай тырмысып жатса, енді біреу артқы терезеден мойнын қылтитып, абонемент сұрап тұрады. Немесе, машина жүре берген кезде есікті ашуға тұра ұмтылатындар да көп. Олардың аяғы тайып кетсе, доңғалақтың астына домалап түсулері де оп-оңай. Осындай сәтте алдына бір, айнаға бір жалтақ-жалтақ қараған шофердің маңдайынан тер бұрқ етер еді.

Кейде аялдамада адамдардың көбірек тұрып қалатын да кездері болады. Оның әртүрлі себебі бар. Бірде автобус бұзылып, жолда қалады. Тағы бірде жүргізушінің өзі ауырып, жұмысқа шыға алмайды. Сол күндері автобус қатары сирейді де, белгіленген уақыт аралығы да алшақтайды. Ондайда кейбір кінәмшіл жолаушының «сіркесі су көтермейтіні» белгілі, жолай автобус сәл шайқалып кетсе: «әй, әй… немене, кірпіш тасып жүрмісің?» деп дүрсе қоя береді.

Бұл жұмыстың қиындығы да осында – Бейсендердің «кірпіш тасымайтынында». Сондықтан машинаңды қалайда жайлы жүргізуің керек, уақыттан да ұтылмауың қажет. Сонда ғана көп көңілінен шығасың.

Міне, қазір де Бейсекең рульді қыса ұстап, алаң қағып отыр. Аялдамаға келгенде машинасын жайлап тоқтатады да, қолына микрофонын алады.

«Тесленко аялдамасы. Келесісі – Варшавская. Ақшаларыңыз кесек болса, абонемент бар. Айлық билет те сатып алуларыңызға болады».

Осыны хабарлайды да, дереу қос айнаға бұрылады. «Біреулер есікке қысылмады ма? Артта жүгіріп келе жатқандар бар шығар»…

Ойлағандай-ақ бір әйел баласын көтеріп жүгіріп келеді екен. Бейсен кілт тормозды басып, есікті ашты. Әйел ентіге ішке кірді де «Рахмет» деді жымиып. Сосын кейін естімей қалды деді ме, машина орнынан қозғала бере желке тұсына кеп: «Рахмет!» деді тағы да.

Бұған Бейсеннің өзі де риза болып қалды. Біреуден алғыс естісе көңілі көтеріліп сала беретін баяғы әдеті. Сондай кезде еріксіз әкесін де еске алатыны бар.

Ол кісінің Бейсенге жиі айтатын екі сөзі бар-тұғын. Біріншісі, «адамнан ақы алу міндет емес, алғыс алу абырой» да, екіншісі, «қатарыңнан қалма» еді. Әкенің қас-қабағына қарап өскен Бейсен алғашқы сөзді бала кезінен-ақ жадында берік ұстаған. Ал «қатарыңнан қалманың» түп төркініне көпке дейін мән берген жоқ-ты. Ол, әншейін, жай ғана айтылған сөз сияқты еді. Қазір ойласа, әкенің сол сөзі бұған айтқан аманаты да секілді…

…Молдағазы ақсақал алпыстан асқанша аттан түспеген сүйегі мықты адам еді. Көп жыл колхоздың, ауылдық Советтің председателі болған. Пенсияға шыққан соң жүйрік баптаумен де айналысқан. Бейсекеңнің әлі де есінде, үй жанындағы адалбақанда үнемі бір сүліктей әдемі қасқалар тықыршып, тыпыршып тұратын. Әсіресе, бір сары қасқаның жүйріктігі бүкіл Алматы облысына әйгілі еді. Бейсен оған мініп, осы астана ипподромына талай рет бәйгеге де шапқан. Бұл бәйгеге шапқан сайын Молдакеңде ес қалмайтын, әншейінде жер көшсе жылжымайтын салмақты адам ат дүбірін естісе желпілдеп-ақ кетеді.

– Шап, шап. Қалма қатарыңнан, оз! – дейді ол соңғы бір-екі айналым қалғанда тепең қағып. Мұны естігенде Бейсен де тізгінді еркіне қоя береді. Еркі өзіне тиген соң сары қасқа да көсіледі дерсің. Ой, көзден жасты парлатады-ау сонда! Бірақ, Молдакеңнің бұған да айызы қанбайды, шеңбердің шетінде тұрып:

– Шап, шап! – дейді тымағын былғай айқайлап, – Оз, қатарыңнан, оз!

Шүкіршілік Бейсен қатарынан қалмай ол жарыстардың бәрінен озып келіп жүрді. Дегенмен, өмір бәйгеге шабу ғана емес екен, әке сөзі бұған кейін де талай қамшы болған. Мектепте оқып жүрген кезінде: «Көке, бүгін «бес» алдым» десе, көкесі: «Дұрыс, балам, қатарыңнан қалма» дейтін. Енді бірде: «Көке, домбыра тартудан бірінші орын алдым» десе, ол тағы: «Дұрыс, балам, қатарыңнан қалма, оз!» дейтін.

Арада жылдар өтті. Молдағазы ақсақал дүниеден қайтты. Бейсен ер жетіп, өзі тұрған Қаскелең ауданындағы «Прогресс» совхозына жүргізуші болып орналасты. Тағы бір «жүйрікке» мініп, алысқа жиі жол тартты. Сары қасқаға мінгендей алдынан тағы жел тұрды, көзінен жасты парлатты. Сонда әкенің баяғы «Қатарыңнан қалма» дегені ойына қайта оралды.

Бейсен, расында, қатарынан қалған жоқ, қайта өз тобынан озды. Бірер жылда совхоздың таңдаулы шоферіне айналды. Құрбылары құрметтеп, комсомол ұйымының секретары етіп сайлады.

Кейін астанадағы осы бірінші автопаркке жұмысқа тұрды. Одан бері де, міне, сегіз жыл өтіпті. Шүкір, мұнда да қатардан қалған жоқ. Өткен бесжылдықтың озаты кім? Бейсен. Кешегі шешуші жылы озған кім? Бейсен. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталған маршрут бригадирі кім? Бейсен. Партбюроның, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі де осы Бейсен. Кәдімгі осы Бейсен Молдағазиев.

…Автобус Тимирязев көшесінің бойымен жайлап сырғып келеді. Бейсеннің алдында баяғы сол маршрут. Әлі қанша айналып өтеді? Қаншама адамды сағыныштарымен қосады? Кім білсін… тек аялдамада адамдар күтіп қалмаса болды да. Адамдарға қызмет ету жолында жалығу, шаршау деген не, тәйірі!

Дидахмет
Әшімханұлы
logo