Иә, алуға бар ажал беруге де бар. Алатыны белгілі: жаннан – арзанға қызықпайды, алам десе алмай тынбайды. Ал беретіні?.. Қызық-ау, атының өзі қара тастай суық, қара жердей ызғарлы Ажалдың да адамға беретін бірдемесі болғаны ма сонда? О-о, болғанда қандай! Тіріге өмірден тәтті, өмірден қымбат еш нәрсе жоқтығын; өтпелі де көшпелі мынау жарық жалғанның баянсыздығы мен байлаусыздығын; көзден бір-ақ күнде бұлбұл ұшар бақыт, байлық, қызықтың судай тұрақсыз, сағымдай тұрлаусыздығын Одан артық жеткізе білетін құдіретің қайсы! Талтаңдағанды тәубасына келтіріп, қалтаңдағанды шүкіршілік дегізетін де, көздегі шелді сылып, көкіректегі желді басатын да – Ажал. Дәлірегінде, жұмыр басты пендеге тумақ бар да өлмек барын сездіру. Адамдық, адамгершілік, өмір сүрудің мәні мен мағынасы туралы мың рет айтылған тағлымды сөзден гөрі бейіт басындағы бір ғана сәттік қаралы жиын, азалы үннің түйсік түртер, сана оятар күші әлдеқайда зор шығар. Әкені арулаған тұлымдыны, шешемен қоштасқан бұрымдыны бір-ақ күнде есейтер де, араздасып кеткен ағайынды, алыстап кеткен достарды аңыратып кеп қайта қосар да Ажалдың құдіреті емес пе! Осының бәрін тіріге Ажал бермегенде кім берген!
Міне, сахнада – Қорқыт…(«Қорқыттың көрі», Иран-Ғайып. Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театры). Аласұрып ажалдан қашқан бейбақ. Қайда барса да, алдынан шығар – көр. Дүние түгел жер емес – көр. Көретіні тек – көр. Еститіні – тек: «Өлесің, Қорқыт, өлесің!..» Тау да, тас та, майысқан тал шыбық та «өлесің!» деп, бебеу қағады. Ал Қорқыттың өлгісі жоқ, Ажалға жанын бергісі жоқ. Түн бе, күн бе – белгісіз, әйтеуір бір күн тұтылғандай күңгірт дүние. Сұм жалғанның тұрақсыздығын, бастан ұшар дәуреннің баянсыздығын білдіргендей Қорқыттың алды-артын орап қалбаң-қалбаң қаңбақтар ұшады. Қалбаңдаған қаңбақтар және … «адамның басы – Алланың добы» болып домалайды. Дәлірегінде бізге (көрерменге) солай көрінеді… бізді солай ойлантады. Иә, спектакльдің өнбойындағы өмір мен өлім туралы терең толғаныстарды былай қойғанда, сахнадағы осынау «қаралы көрініс», азалы үннің өзі Қорқытпен қатар көрерменнің де тәубасын үйіреді, мынау «бір күндік сәуленің» қадір-қасиетін бағамдап, бағалауға мәжбүр етеді; өмір бар жерде өлім бар екенін ескертеді; сол «бір күндік сәуленің» өзін мәнді, мағыналы өткізу керектігін еске салады; күңіренген тау мен тас та Қорқытқа «өлесің!» дейді, көрерменге «ойлан, есіңді жи» дейді. Санаға салмақ түсіретін, көруге ауыр, біреулердің (!) еңсесін езіп жіберетіндей көрінетін осындай қойылым сахнаға керек пе? Сөз жоқ, керек!
Өнер дүниесі «біреулер» үшін немесе жалпының тұтас талғамынан шығу үшін жасалмайды. Iнжу-маржанның құндылығы сонда – оның тереңде жатуында. Тұңғиық түбіне тұншықпай бойлап, құм-қайранның ішінен тек асылды ғана теріп алуға құлшыныспен қатар кең тыныс, білек күшімен бірге жүрек күші де керек. Шынайы өнер туындысы да осылай туады, осылай қабылданады. Ойлы драматург (Иран-Ғайып), шебер режиссер (Жанат Хаджиев), сезімтал суретші (Лаура Тобашева), пьеса сарынын сезіне білген композитор (Ақтоқты Райымқұлова) қолынан туған «Қорқыттың көрі» қойылымы да зерделі қауым, зейінді көрерменге арналғандай. Шүкіршілік, қазір көргенін қорыта білетін, қорытқанынан ой түйіндей алатын көрермен аз емес. Біз де сол көп көрерменнің бірі ретінде «Қорқыттан…» қорытқан ойымызды ортаға салып отырмыз.
Өмір, Өлім, Ажал – философиялық категория. Ал философия – ғылымдардың ғылымы, көненің көнесі, бар жаңалық ойдың бастауы болса, оның өзі алғашқы негізін өмір мен өлім- туралы ой қозғаудан бастағаны анық. Яки адамзат сәби сана дәуірін бастан кешіп жатқан тұста-ақ миды жыбырлата бастаған ең алғашқы сұрақ: мен қайдан келдім? енді қайда барам? болса керек. Бұл сұрақтың мың түрлі жауабы «фәни» мен «бақи», о дүние, бұ дүние ұғымдарын туғызса керек. Бұның соңы бұ дүниені жаратушы (екі дүниеге де бар әмірін жүргізуші) бір құдіреттің барына, бір Алланың билігіне сендірсе керек. Сол сәби санадан осынау жоғарғы санаға дейінгі адам баласы жүріп өткен өз жолында Өмір, Өлім, Ажалды қайбір даналық ойына темір қазық етпеген, қайбір өнер туындысына алтын арқау қылмаған! Әдебиеттің де ең көне және мәңгілік тақырыбы осы ғой. Ең көне!.. Тоқтаңыз! Сөзді тура осы тұстан!
Қазақ аңыздарының ішіндегі ең көнесі де осы Қорқыт төңірегіндегі аңыздар шығар. Бүкіл түркі халықтарына ортақ, солардың арасында оғыз тайпаларына жақынырақ бұл аңыздар ертеде-ақ хатқа түсіп, тасқа басылып үлгерген. «Дәдем Қорқыт» атымен белгілі осынау аңыз кітаптың Дрезден және Ватикан нұсқалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылып, жер-жаһанды шарлап кеткеніне де сан жыл. Бүгінде қазақ тілінде біз оқып жүрген «Қорқыт ата» – Дрезден нұсқасы. Драматург өз шығармасына мұндағы аңыздардың тек сұлбасын ғана пайдаланған. Дәлірегінде, «Қорқыттың көріне» түпкі желі болған – ежелден қазақ даласына кең тараған ұлы абыздың ажалдан қашуы туралы аңыз. Оның өзін де Иран-Ғайып дәл сол қалпында емес, авторлық ой-идеяға икемдей отырып, аңыз мазмұнын тереңдетіп, көне сөзді көркемдеп, даналық мәйегін дамытып, тартысты, күресті, бас-аяғы жұп-жұмыр дүние ұсынған. Мұндағы драма (тартыс, күрес) негізінен Қорқыттың өз бойында, өз ойында. Ол – алдымен Ажалмен емес, өзімен өзі күрескен жан. Өзіне өзі қасірет, қайғы тапқан жан. Құдайдың құзырына қарсы келген «құл». Бұл жағынан ол Библиядағы «құдаймен күресуші» Исраил сияқты (Исраил – «құдаймен күресуші» деген мағынаны білдіреді). Исраилдан бір айырмашылығы, ол кіммен күресіп жүргенін, кімнің құдіретіне бағынғысы келме-генін білген кезде, бірден тәубаға келеді, дегеніңе көндім, бар екеніңе сендім деп, құдайға құлдық ұрады. Қазақ астамшылықты жек көреді. Құдайын ұмытқан пенденің, өзін Құдайдай көрген астамның әйтеуір бірде аяғы аспаннан келетіні анық. Қазақы даналық, ұлттық пайым-түсінік, екіншіден… маңайыңа қарайсың… үрейлене қарайсың… өзін Құдайдай көретін, өзгені көзге ілмейтін, өзін мәңгі өлмейтіндей сезінетін талтаңдаған тәйтіктерді іздейсің. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі!» Бұл – қазақ тіліне тұрақты сөз тіркесі болып кіргеніне қай заман. Қай заманда да оның мағынасы – азап, михнат. Осы азап, михнатты қай заманда да алдымен көретін – қара халық, көпшілік. Сол көпшілікке Қорқыттың көрін алдынан тосатын кімдер осы? Сол көпшілік ғұмыр бойы кімдермен күресіп өтеді осы? Көктегі Құдаймен бе? Жо-жоқ, кешіре гөр, Алла! Жердегі «құдайсымақтар» үшін саған тіл тигізе алмаймыз! Кешіре гөр! Бұл – қойылымды көріп отырған біз сияқты көрерменнің монологы. Сахнадағы бір Қорқыттың, сырттағы мың-мың Қор-қыттың да монологы – осы. Бұл жағынан біз бәріміз де Қорқытпыз.
Тіріге жан беруден қиын, жарық дүниемен қоштасудан өткен азап бар ма! Бәрінен де айтып келген ажалды айтсаңшы! Қойылымның шырқау шегіне, шешілер түйініне жеткенде… зал тым-тырыс… шыбынның ұшқаны білінеді… ішін тартқан көрермен. Сахнада (сахна екенін бір сәт ұмытып та кетесіз)… алдаспанын жарқылдатқан Ажал (артист Тұрсын Қалиев)… Қорқыттың жанын алмақ. Жо-жоқ, Қорқыт үшін оның ең жақындарының бірі Ажалға өз жанын беруге тиіс. Кім береді? Бәріне де жан тәтті. Бәріне да жан қымбат. Тәттісі мен қымбатын өз еркімен кім қияды? Кім? (Осындай тұста шекспирлік шешім қалай болар еді?!). Бұдан өткен қандай тағдырдың тәлкегі болуы мүмкін! Дәл осы тұста ер азаматқа ең жақын адам анықталуға тиіс. Ол кім болар екен? Кім? Әке сенімді ақтамады. Мәселе жанға тірелгенде, ана да тайқып шықты. От құшақта өртенгенде «сен үшін жаным құрбан» дейтін көңілдестің де сөзі өтірік болды. Жанын сауғалап дос кетті. Енді кім бар? Ешкім жоқ! (пауза) Амал не, Ажал Қорқыттың өз жанын алады қазір… Кенет… сахнаның бір түпкірінен шырқырап шыққан бір дауыс тұлабойыңды шымырлатып қоя берген. «Менің жанымды ал, менің! Қорқыт үшін мен беремін жанымды!..» Бұл кім дейсіз ғой? Қорқыттың Құдай қосқан қосағы, некелі жары! «Құдай-ау, ер азаматқа әйелінен жақын ешкім жоқ екен ғой!..» Бұл – қойылым соңында әр көрермен ішке түйіп шыққан сөз. Өнер туындысының тағлымдық, тәрбиелік мәні осы болар…
Иран-Ғайыптың осы аңыз-дастаны сиясы кеппей жатып оқып шыққанның бірі біз едік. Драма түрінде жазылғанмен ол бізге өмір мен өлім туралы терең толғанысқа құрылған, поэзияның барлық көркемдік қасиетін бойына сіңірген, кең тынысты, мол пішінді поэмадай әсер еткен. Жалпы Иран-Ғайып қай жанрда қалам тартса да, оның ақындық дарыны алдымен көрінетіні анық. «Қорқыттың көрінен» де біз бірінші осыны көргендейміз. Көре тұрып, мынадай ой түйгендейміз.
«Қорқыттың көрін» – психологиялық ішкі тартысқа құрылған драма ғана емес, сахнадан айтылар философиялық иірімі терең жыр, азалы реквием деп бағаласақ керек.
Мамыр айының ортасында, Қазан қаласында «Түрік-сойдың» ұйымдастыруымен өтетін халықаралық «Наурыз» фестиваліне Қазақстаннан қатысатын жалғыз сахналық қойылым – «Қорқыттың көрі» екен.
Түбі бір түркі халықтарының осынау өнер сайысында бәрімізге ортақ бабамыз туралы аңыз-дастанның қатысуы бізді әрі қуантады, әрі үлкен табыстан үміттендіреді.
2002 ж.